Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұжымы 25-30 қыркүйек күндері Павлодар қаласында өткен Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының негізін қалаушы, режиссер Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» ІІ республикалық театрлар фестиваліне қатысты. Бес күнге созылған республикалық театрлар фестивалінде еліміздің әр өңірінен жиналған өнер ұжымдары өздерінің үздік қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, өзара шығармашылық тәжірибе алмасты.
Фестиваль аясында Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қалың көпшілікке итальян драматургі Карло Гоццидің «Турандот» туындысын ұсынды.
Фестиваль қорытындысы бойынша, қазақ труппасының актрисасы Базарбаева Аружан «Екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясын иеленді.
Бұл — театр ұжымы үшін үлкен қуаныш әрі шығармашылық жетістіктің жарқын көрінісі. Аружан Базарбаеваны жеңісімен құттықтап, шығармашылық жолына толағай табыс, жаңа белестер мен жарқын сахналық образдар тілейміз!


